Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы төмендеді
Қостанай облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы төмендеді. Мемлекеттік бақылау нәтижесінде 20-ға жуық өнімнің құны арзандаған. Оның ішінде картоп, пияз, сәбіз, қияр, қызанақ, ұн, қант, жұмыртқа, ет және сүт өнімдері бар. Сонымен қатар, сауда орындарында бағаның дұрыс көрсетілуіне де бақылау күшейтілген.
Мәселен, картоптың келісі 235 теңгеден 170 теңгеге дейін арзандаған. Пияздың бағасы 330 теңгеден 200 теңгеге, ал тауық еті 1241 теңгеден 921 теңгеге дейін төмендеді. Қияр, қызанақ, қарақұмық және басқа да бірқатар өнімнің құны да азайған. Департамент мамандары сауда орындарындағы баға белгілерінің кассадағы құнмен сәйкестігін де тексеріп жатыр. Мәселен, «А-Маркет» супермаркетінде шоколадтың сөредегі бағасы 445 теңге болғанымен, кассада 460 теңгеден сатылған. Нәтижесінде кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 140 мыңнан астам теңге көлемінде айыппұл салынды. Ал жыл басынан бері облыста 141 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның 135-і сауда үстемесінің белгіленген мөлшерден асып кетуіне жол берген. Тағы 6 кәсіпкер баға белгілерін қоймағаны үшін жауапқа тартылды. Мамандар тұрғындарға тауардың сөредегі және кассадағы бағасын мұқият салыстыруға кеңес береді.