Ботай мәдениеті – байтақ даланың бай мұрасы
Ұлы даланың терең тарихын танытатын құнды мұраның бірі - «Ботай» мәдениеті. Солтүстік Қазақстан облысындағы «Ботай» қонысы шамамен бес жарым мың жыл бұрынғы энеолит дәуіріне жатады. Археологиялық зерттеулер бұл жерде жылқының адам өміріндегі орны ерекше болғанын көрсетеді.
Ботай қонысы 1980- жылы археолог Виктор Зайберт бастаған экспедиция барысында зерттеле бастады. Аумағы 15 гектарды құрайтын ежелгі қоныстан 158 тұрғын үйдің орны аршылып, зерттелген. Кейбір баспаналардың орнында тіпті бірнеше ондаған үйдің ізі сақталған. Ғалымдардың назарын әсіресе бұзылған үйлерден қалған шұңқырлар аударған. Ежелгі баспаналардың қабырғаларының қалыңдығы 80-120 сантиметр шамасында болса, сақталған бөліктерінің биіктігі 60-100 сантиметрге дейін жеткен. Бұл деректер Ботайлықтардың құрылыс тәсілдерінің өзіндік ерекшелігі болғанын көрсетеді.