Жалған ақпараттан сақ болыңыз
JAQ.OrtCom Құрылтай сайлауы қарсаңында ақпараттық кеңістікте фейк, арандатушылық және манипуляциялық материалдардың жаппай таралуы байқалып отырғанын хабарлайды. Жарияланымдардың бірдей тезистермен және ұқсас визуалмен анонимді Telegram-арналарда, әлеуметтік желілерде және бот-аккаунттар арқылы синхронды таралуы ұйымдасқан ақпараттық науқан белгілерін көрсетеді.
Мұндай материалдардың қатарында жасанды интеллект көмегімен жасалған дипфейктер, қолдан жасалған құжаттар және манипуляциялық ақпарат бар. Олардың мақсаты – мемлекеттік институттарға деген сенімді әлсіретіп, қоғамда жасанды әлеуметтік шиеленіс қалыптастыру. Сайлау кезеңінде 200-ден астам анонимді және деструктивті аккаунт арқылы таратылған шамамен 15 сериялы материал тіркелді. Оларға жауап ретінде 44 ақпараттық-ағартушылық материал жарияланып, жалған ақпарат пен кең тараған мифтер жоққа шығарылды. JAQ.OrtCom азаматтарды ақпаратты сыни бағалауға шақырады: бастапқы дереккөзді тексеріп, мәліметтерді ресми ақпаратпен және кәсіби БАҚ материалдарымен салыстырыңыз. Бір ақпараттың көптеген арнада қатар таралуы оның шынайылығын білдірмейді. Расталмаған мәліметтерді таратпаңыз.