Күзде 380 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады
Қазақстанда балаларды бірінші сыныпқа қабылдау жалғасуда. Жаңа оқу жылында 380 мыңнан астам бала алғаш мектеп табалдырығын аттайды деп күтілуде. Бүгінде болжанған бала санының 320 мыңға жуығы, яғни шамамен 84%-ы мектептерге қабылданды.
Қабылданған балалардың 296 мыңға жуығы мемлекеттік, 23 мыңға жуығы жекеменшік мектептерде білім алады. Қалалық мектептерге 191 мыңға жуық, ауылдық мектептерге 128 мыңға жуық бала қабылданды. Сондай-ақ білім беру ұйымдарына ерекше білім беру қажеттіліктері бар 4 мыңға жуық бала қабылданды. Құжаттарды қабылдау Оқу-ағарту министрлігі мен ЖИ және цифрлық даму министрлігінің бірлескен бұйрығы негізінде пилоттық жоба аясында жүргізілуде. Өтініштер 2026 жылғы 27 мамыр мен 31 тамыз аралығында бекітілген кестеге сәйкес кезең-кезеңімен қабылданады. Өтініштердің 84%-ға жуығын ата-аналар электрондық форматта берген. Құжаттарды eGov.kz электрондық үкімет порталы немесе eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы, сондай-ақ таңдалған мектепке тікелей тапсыруға болады.