Қостанай қаласында былғары қолғап шеберлері арасында халықаралық турнир өтіп жатыр. Дәстүрлі жарыс жерлестеріміз – ағайынды Әйтеновтерді еске алуға арналған. Биылғы турнирге Қазақстанмен қатар бірнеше шет мемлекеттен келген спортшылар да қатысып, өзара мықтыны анықтауда.
Қостанай облысында дүбірлі дода. Биыл 27-рет жалауы желбіреген ағайынды Әйтеновтерді еске алуға арналған халықаралық турнирге 8 мемлекеттен 125 былғары қолғап шебері жиналды. Олардың қатарында Қазақстан, Ресей және Өзбекстан сияқты бокс державаларының кіл мықтылары бар. Бұл жарыс – жас спортшылар үшін үлкен спортқа жолдама беретін аймақтағы ең беделді турнирлердің бірі.Мұндай ауқымды халықаралық доданы қабылдау – аймақта бокс спортына деген қолдаудың жоғары екенін көрсетеді.
Бұл турнир Қостанай үшін тек беделді жарыс қана емес, өңірдің ұйымдастырушылық әлеуетін тағы бір дәлелдеп, былғары қолғап өнерінің облыс өміріндегі айрықша орнын көрсетуге берілген үлкен мүмкіндік. Бұл турнирдің деңгейі де жоғары. Себебі, кезінде дәл осы шаршы алаңда Геннадий Головкин, Серік Сәпиев және Иван Дычко сынды бокс элиталары бақ сынап, үлкен спорттағы алғашқы қадамдарын жасаған.