Қостанай облысы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары ата-аналардан түскен шағымдардан кейін лагерьге жоспардан тыс тексеру жүргізген. Тексеру қорытындысы бойынша Алтынсарин ауданының бас мемлекеттік санитар дәрігері жедел әрекет ету шараларын қолдану туралы бірнеше қаулы шығарған.

Атап айтқанда, асханадағы тоғыз қызметкер міндетті медициналық тексеруден және гигиеналық оқытудан өтпегендіктен, уақытша жұмысынан шеттетілген. Сондай-ақ санитар дәрігерлер балаларды тамақтандыруда қолдануға тыйым салынған бірқатар өнімді пайдалануға жол бермеді. Бұдан бөлек, ұйықтайтын корпустардың жұмысы уақытша тоқтатылды, себебі онда су жылытқыштар жұмыс істемеген, қолжуғыш істен шыққан және кәріз жүйесі бітеліп қалған. Ұйықтайтын корпустардың санитарлық жағдайы да қанағаттанарлықсыз деп танылған. Санитарлық тораптарда жуу және дезинфекциялау құралдары болмаған, күнделікті ылғалды тазалау сапасыз жүргізілген. Матрастар, жастықтар, көрпелер, пледтер мен төсек-орын жабдықтары лас болып, жағымсыз иіс шыққан.

Сонымен қатар, ұйықтайтын корпустардан сынған терезелер табылған, балаларға арналған ауыз судың қоры мен бір реттік стакандар болмаған. Тексерушілер азық-түлікті сақтау ережелерінің бұзылғанын да анықтады: шикі құс еті, сиыр еті және тауық жұмыртқалары пісірілген қарақұмық ботқасымен бірге сақталған. Зертханалық зерттеу нәтижелері бойынша қызылшадан жасалған салат пен вермишель сорпасынан ішек таяқшасы бактериялары табылды. Сонымен қатар, сыртқы орта объектілерінен алынған сүртінділердің 50%-ынан да ішек таяқшасы анықталған. Ол стакандардан, бірінші және екінші тағамға арналған табақтардан, нан кесетін тақтайшадан, тұздық құятын ожаудан, гарнир елеуішінен, нан сақтайтын сөре мен ыдыстан, сондай-ақ тарату және ас ішетін үстелдерден анықталған, - деп хабарлады Қостанай облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.