Ұлттық үннің ұлық мерекесі. Қазақстандықтар домбыра күнін мерекелеуді бастап та кетті. Қостанай облысында да концерттер, фестивальдер, көрмелер мен шығармашылық кездесулерден тұратын онкүндік өтіп жатыр. Солардың бірі - Dombyra Music Fest фестивалі.Шілде айының алғашқы жексенбісі - Ұлттық домбыра күні.Бұл - халқымыздың төл өнері мен ұлттық құндылықтарын дәріптейтін ерекше мереке.

Домбыра - қазақ халқының ғана емес, адамзаттың мәдени мұрасының ажырамас бөлігіне айналған, тарихымызды, салт-дәстүрімізді, ұлттық рухымызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан қасиетті аспап. Қазақ даласы күмбір-күмбір күй төгіп, көктегі күн нұр төгіп, домбырасын қолға алып, әуелете ән салып әр жыл сайын, әр өңірде аталмыш мерекені жоғары деңгейде атап өтуде.

Фестиваль мұнымен шектелген жоқ. Dombyra Music Fest қонақтарын түрлі байқаулар, тәжірибелі домбырашылардың шеберлік сабағы күтті. Онда әрбір қатысушы ұлттық аспапта ойнап көруге мүмкіндік алды. Аталмыш фестиваль қазақтың ән мен күйінің әуендік сипатын, көркемдік образын, философиялық ой тереңдігін, халықтың талғамы мен танымының ерекшелігін айқын көрсете білді. Жиналған жұртшылық өнер иелерінің шабытына шабыт қосып, шынайы қошеметтеріне бөледі.