Қостанай облысында жаңа оқу жылына дайындық аясында білім беру ұйымдарын жаңарту жұмыстары қарқын алды. Биыл өңірдегі ондаған мектепте ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізіліп, білім ошақтарының материалдық-техникалық базасы да жаңартылады. 

Қостанай қаласында орналасқан нөмірі 11 мектеп - жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқан нысандардың бірі. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары бой көтерген ғимаратта осы уақытқа дейін күрделі жөндеу жасалмаған. Қазір мұнда инженерлік желілер жаңартылып, есік-терезелер ауыстырылған. Алдағы уақытта еден төселіп, жарықтандыру жүйесі заман талабына сай қайта орнатылады

«Мектептерді қайта жаңғырту» бағдарламасы аясында бұл мектепті жөндеуге 170 миллион теңге қарастырылса, тағы 38 миллион теңге оқу кабинеттерін жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге бөлінген. Қазір мұнда есік-терезелер толық ауыстырылып, су және кәріз желілері жаңартылған. Енді едендерді қайта төсеп, жарықтандыру жүйесін заманауи талаптарға сәйкестендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жалпы биыл Қостанай облысында 97 білім беру ұйымын жөндеу 

жоспарланған. Оның жетеуінде күрделі жөндеу жүргізілсе, қалған мектептерде ағымдағы жұмыстар атқарылады. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 5 миллиард 300 миллион теңге бағытталған. Жауаптылардың айтуынша, жөндеу жұмыстары аяқталған мектептердің бір бөлігі жаңа жиһазбен және заманауи оқу жабдықтарымен толықтырылады.

Қазір бірқатар нысанда құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Қалған мектептерде жөндеу белгіленген кестеге сай жалғасып жатыр. Ал жыл соңына дейін өңірде 1900 оқушыға арналған екі жаңа мектеп пайдалануға беріліп, білім беру инфрақұрылымын дамытуға тағы бір серпін береді.