2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан заңнамасында ұлттық валютаның ресми жазылуы өзгерді. Енді нормативтік құқықтық актілердің орыс тіліндегі мәтіндерінде «тенге» сөзінің орнына «теңге» нұсқасы қолданылады.
Тиісті өзгерістер жаңа Салық кодексінде, сондай-ақ Ұлттық банктің бірқатар нормативтік құқықтық актілерінде көзделген. Ұлттық валютаның атауын жазу тәртібінен бөлек, құжаттар жаңартылған конституциялық нормаларға сәйкестендірілді. Атап айтқанда, Салық кодексінде «Парламент» атауы «Құрылтай» деп өзгертіліп, «Қазақстан Халық Кеңесі» туралы норма енгізілді. Сондай-ақ «республикалық референдум» термині «жалпыхалықтық референдум» деген атаумен ауыстырылды. Өзгерістер Ұлттық банктің нормативтік құқықтық актілеріне де енгізілді. Атап айтқанда, орыс тіліндегі құжаттарда «тенге» сөзі «теңге» деп өзгертілді.