Бейімбет Майлин ауданында жыл басынан бері әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер өсім көрсеткен. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі мәлімдеді. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы, инвестиция тарту, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту және жаңа өндіріс орындарын іске қосу бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.
Бүгінде аудан экономикасының негізгі бағыты - агроөнеркәсіп. Биыл 210 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы алқабы игерілді. Сонымен қатар ауылдық округтерге жаңа модульдік ветеринариялық пункттер орнатылады. Бұл ауыл шаруашылығы өндірісінің қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Ауданда бірнеше ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында сүт-тауар фермасы, құс фабрикасын жаңғырту, бетон зауыты және астық сақтайтын логистикалық кешен бар. Сонымен қатар күн электр станциясы іске қосылып, газ-поршеньді электр станциясының құрылысы жалғасуда.
Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту да назардан тыс қалған жоқ. Ауданда мектептер мен ауруханалар жөнделіп жатыр. Тобыл кентінде ауыз су жүйесі жаңартылып, жолдар мен қоғамдық кеңістіктер абаттандырылуда. Сонымен қатар теміржол вокзалының жөндеу жұмыстары биыл 1 тамызға дейін аяқталады.
Бұдан бөлек, ауданда тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар да жалғасуда. Ауылдық жерлерде мобильді байланыс пен интернет сапасын арттыру үшін жаңа антенна-діңгек салынады. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында тұрғындармен бірге тұрақты сенбіліктер ұйымдастырылып келеді.