Қостанай облысының әкімі қаладағы бірқатар құрылыс нысанын аралады. Жұмыс сапасы мен мерзімі басты назарға алынды. Өңір басшысы жаңадан салынып жатқан Marriot қонақүйі мен «Астана» шағын ауданындағы құрылыс барысымен танысты.
Алдымен өңір басшысы Contryard by Marriott kostanay қонақүй кешенінің құрылыс алаңына барды. Құны 16 миллиард теңгені құрайтын жоба халықаралық талаптарға сай жүзеге асырылып жатыр. Бұл нысанда 142 нөмір, 600 орындық конференц-зал, СПА орталығы болады. Мердігерлер жобаның қазіргі кезеңі туралы баяндады.
Кешен толық іске қосылғаннан кейін 140 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл нысан өңірдің туристік әлеуетін арттырып, халықаралық деңгейдегі іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді. Жауапты компания құрылысты аяқтау мерзімін де атап өтті.
Жоба өңірдегі ең ірі қонақүй кешендерінің бірі болмақ. Бұл жерде фитнес орталық, бассейндер мен панорамалық мейрамхана орналасады. Кешеннің инфрақұрылымы қонақтардың жайлы демалуына толық бейімделеді. Облыс әкімі мұндай жобалардың маңызын атап өтті.
Облыс әкімі жұмыс сапарын «Астана» шағын ауданында жалғастырды. Жалпы аумағы 200 гектарды құрайтын жаңа аудан кезең-кезеңімен салынып жатыр. Жоба аясында 154 көпқабатты үй бой көтереді. Тұрғын үйлердің жалпы ауданы 1 миллион шаршы метрден асады.
Қазір мұнда 10 тұрғын үй пайдалануға берілген. Тағы 13 үйдің құрылысы қатар жүріп жатыр. Олар жыл соңына дейін аяқталады. Сонымен қатар 9 қабатты 12 тұрғын үйден тұратын заманауи квартал салынуда. Ол баспаналарды 2027 жылы аяқтау жоспарланған.
Жоба тек тұрғын үйлермен шектелмейді. Мұнда 25 мың шаршы метрлік сауда орталығы, 20 мың шаршы метрлік спорт кешені мен мектеп салынады. Одан бөлек, облыс әкімі үлкен облыстық аурухана салу жоспарда бар екенін атап өтті. Осылайша жаңа шағын аудан тұрғындарға қолайлы әрі заманауи өмір сүру ортасына айналмақ.