Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің базасында Өңірлік форсайт орталығын ашты. Осыған орай өңірдің ғылыми-технологиялық даму басымдықтарын айқындауға арналған форсайт-сессия өтті.
Іс-шараның мақсаты - өңірдің ғылыми және инновациялық әлеуетін жан-жақты бағалау, ғылым, білім, бизнес және мемлекеттік сектор өкілдерінің өзара іс-қимылын күшейту, сондай-ақ өңірдің ұзақ мерзімді ғылыми-технологиялық даму бағыттарын қалыптастыру. Ғылымды формалды бағыттар бойынша қаржыландырудан экономиканың, өңірлер мен кәсіпорындардың нақты технологиялық міндеттерін шешуге бағдарланған тәсілге көшу.
Өңірлік форсайт орталықтары аймақтардың технологиялық сын-қатерлерін айқындауға, ғылыми-техникалық тапсырмаларды қалыптастыруға, қолданбалы зерттеулерді дамытуға және экономикаға нақты нәтиже беретін жобаларды іске қосуға бағытталған.
Форсайт-сессия жұмысына Қостанай облысы әкімдігінің, Өңірлік ғылым және технологиялар кеңесінің, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының өкілдері, жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың басшылары, индустрия, бизнес және ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты. Іс-шара барысында ғылым, бизнес және мемлекет арасындағы орнықты әріптестікті дамытуға, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға және өңір экономикасының негізгі салаларына инновациялық технологияларды енгізуге ерекше назар аударылды.
Жалпы, өңірлік форсайт орталығы ғылым мен өндірісті тоғыстыратын жаңа интеллектуалдық алаңға айналмақ. Мұнда ұсынылған бастамалар тек зерттеу деңгейінде қалмай, нақты экономикаға енгізілетін шешімдерге жол ашады.