Жаңа Ата Заңның күшіне енуі - ел дамуындағы тарихи кезең. Бұл құжат адам құқықтары мен бостандықтарының кепілін күшейтіп, мемлекеттік биліктің жауапкершілігін арттырады. Сонымен қатар, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне араласуына кең жол ашпақ. Дәл осы тарихи құжат «Әділет» партиясы облыстық филиалының алғашқы конференциясында талқыланды.
«Әділет» партиясы Қостанай облыстық филиалың басшысы болып Бибігүл Аққожина сайланды. Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Конституция – Жаңа Дәуір» атты Үндеуіне қолдау болды. Сондай-ақ қатысушылар партияның облыстық филиалының басқарушы органдарын құру мәселелерін қарастырды.
Жаңа Конституция – жаңа дәуірдің бастауы. «Әділет» партиясының мүшелері елде әділетті қоғам қалыптастырудың маңыздылығына кеңінен тоқталды. Саяси кеңестің құрамына шағын және орта бизнес, білім беру, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, өнеркәсіп, үкіметтік емес сектор, бұқаралық ақпарат құралдары және аймақтың экономикасы мен қоғамдық өмірінің басқа да салаларының өкілдері кірді.
Бақылау-тексеру комиссиясының құрамына экономика, қаржы, бухгалтерлік есеп, заңгерлік және басқа да кәсіби бағыттарда жұмыс тәжірибесі бар мамандар енді.
Басқарушы органдардың жасақталуы «Әділет» партиясының облыстық филиалын құрудың ұйымдастырушылық кезеңін аяқтады. Жақын арада филиал өңір тұрғындарымен жүйелі жұмыс істеуге, партиялық бастамаларды жүзеге асыруға, сарапшылар қауымдастығымен, кәсіпкерлермен және қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимыл жасауға кіріседі.