Аймақта ұзақ жылдардан бері алғаш рет заманауи үлгідегі су жаңа өрт сөндіру бөлімі іске қосылды. Нысанның стратегиялық маңыздылығын ескерген Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов ашылу салтанатына арнайы келді.

Жаңа өрт сөндіру бөлімі Тобыл қаласындағы Астана-Байтерек шағын ауданының жанында орналасқан. Салтанатты ашылу рәсіміне ТЖ минстірі Шыңғыс Әрінов арнайы келіп қатысты.

Жаңа нысанның ашылу салтанаты қарсаңында облыс аудандарының өрт сөндіру бөлімдеріне 12 жаңа арнайы техника берілді. Сонымен қатар облыс әкімі Құмар Ақсақалов аймақтағы ТЖ қызметтеріне бағытталған жұмыстарға тоқталды

Жаңа бөлімнің техникалық әлеуеті де жоғары. Мұнда соңғы үлгідегі 5 бірлік жаңа техника сақадай сай тұр.Тілсіз жаумен күресетін сарбаздардың жағдайы бірінші орынға қойылған: ғимарат ішінде жайлы демалыс орындары мен жеке құрамның жеке заттарын сақтауға арналған арнайы бөлмелер қарастырылған.

Ал қауіпсіздік мәселесі мұнда жіті бақылауда. Нысан толықтай бейнебақылау жүйесімен қамтылған. Сонымен қатар, кез келген төтенше жағдайда жедел әрекет ету үшін бөлім заманауи байланыс құралдарымен де жабдықталып отыр.

Толық құраммен және заманауи техникамен жабдықталған өрт сөндіру бөлімінде бүгін өрт сөндіру мамандары алғашқы кезекшіліктерін бастады. Бұл -облыста ұзақ жылдардан кейін алғаш рет салынған жаңа, заманауи өрт сөндіру бөлімі.