Бір ғана телефон қоңырауының кесірінен 54 жастағы Қостанай облысының тұрғыны баспанасынан айырылып қала жаздады. Өзін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырған алаяқтар әйелді бірнеше күн бойы психологиялық қысымда ұстаған. Сенімге кірген қаскөйлер әйелмен тұрақты байланыста болып, әр әрекетін бақылап отырған. Әйел олардың айтқанымен баспанасын сатуға келісіп, сатып алушымен мәміле жасауға дейін барған. Алайда жағдайдан күмәнданған тәртіп сақшылары дер кезінде араласып, жылжымайтын мүлікті сату рәсімін тоқтатты. Соның арқасында тұрғын баспанасынан айырылып қалудан аман қалды.
Рудный қаласының тұрғыны алаяқтардың арбауына түсті. Олар әйелді бірнеше күн бойы қорқытқан. Тіпті «арнайы операцияға» қатысып жатырсыз деп сендірген. Соның салдарынан тұрғын 6 миллион теңге несие рәсімдейді. Кейін баспанасын да сатуға келіскен.Қаскөйлердің нұсқауымен әйел ешкіммен байланысқа шықпай, тіпті туыстарымен де сөйлесуді тоқтатқан. Мұны байқаған жақындары полицияға хабар берген. Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру барысында тұрғынды тауып, жылжымайтын мүлікті сату мәмілесін тоқтатты. Соның арқасында баспана заңды иесінде қалды.Тәртіп сақшыларының айтуынша, мұндай қылмыстарда азаматтарға алдымен несие рәсімдетіп, кейін мүлкін сатуға көндіру жиі кездеседі. Биыл Қостанай облысында осындай 15 факті тіркелген. Сондықтан мамандар күмәнді қоңырауларға сенбеуге және бірден 102 нөміріне хабарласуға шақырады.