Мичурин ауылдық округінде жаңа экосаябақ ашылады. Заманауи демалыс орны тікелей орман ішінде орналаспақ.Жаңа нысанда футбол және волейбол алаңдары, воркаут аймағы мен балалар ойын алаңқайы болады. Сондай-ақ, келушілер үшін арнайы велосипед жолағы да қарастырылған. Экосаябақ салынатын аумаққа облыс әкімі арнайы барып, жұмыс барысымен танысты.

Жаңа демалыс алаңы тек аудан тұрғындарының ғана емес, бүкіл облыс жұртының сүйікті орнына айналады деп күтілуде. Қостанай ауданының әкімі Олжас Нұрғалиевтің мәліметінше, орман ішіндегі саябақтың аумағы ауқымды - 44 гектарға жуық жерді қамтиды. 

Қазірдің өзінде саябақ құрылысы басталып та кетті. Мердігерлер жаяу жүргіншілер жолын салу үшін жер бедерін тегістеп, жиектастарды орнатуға кіріскен. Алдағы уақытта қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілмек. Айта кетейік, жастар қауымы экосаябаққа бағыт сілтейтін арнайы белгіні өз қолдарымен орнатты. Облыс әкімі орман ішіндегі саябақты салу кезінде бірде-бір ағаш кесілмейтінін жеткізді.

Жаңа саябақта футбол және волейбол алаңдары, воркаут аймағы мен балалар ойын алаңқайы бой көтереді. Сондай-ақ, келушілер үшін арнайы велосипед жолағы салынып, аумақ толықтай жарықтандырылмақ 

Облыс әкімі демалыс орнының әрбір нүктесі бейнебақылау камераларымен қамтылатынын жеткізді. Осылайша, орман ішіндегі бұл бірегей экосаябақ бұқаралық спортты дамытудың жаңа ошағына және аймақ жұртшылығы мақтан ететін ең жайлы, ең қауіпсіз демалыс орнына айналмақ.