Жаз - балалар үшін демалыс пен шаттықтың мезгілі. Ал құтқарушылар үшін бұл - жауапкершілік артатын кезең. Қостанай облысында жазғы маусымдағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Балалардың демалысын алаңсыз ұйымдастыру, өрттің алдын алу және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу - басты міндеттердің бірі. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы кезеңге арналған жоспарларымен бөлісті.
Бүгінде облыста 12 балаларды сауықтыру лагері жұмыс істейді. Оның тоғызы орман алқабында орналасқан. Биыл алғашқы жартыжылдықта жеті лагерьде профилактикалық бақылау жүргізіліп, 62 өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылу фактілері анықталды. Тағы екі демалыс орталығында комиссиялық тексеру жүргізіліп, 17 кемшілік тіркелген. Барлық мекемелерге анықталған заңбұзушылықтарды жою жөнінде нұсқама берілді.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық жұмыстар да жалғасуда. Маусым айында құтқарушылар балалар лагерлеріне барып, өрт қауіпсіздігі, судағы қауіпсіздік және алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша сабақтар өткізген. Бұл жұмыстармен 3720 бала қамтылған.
Сонымен қатар өңірде «Еркін жол жүру» акциясы жалғасуда. Арнайы
техниканың қозғалысына кедергі келтіретін аулаішілік жолдардағы заңсыз қоршауларды жою жұмыстары жүргізіліп, тұрғындарға 115-тен астам нұсқама берілген.
Осылайша өңірде жазғы маусымдағы қауіпсіздік шаралары барлық бағытта күшейтіліп, балалардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету мен төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Мамандар тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға және балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады. Бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар жаз бойы жалғасатын болады.