Әулиекөл ауданында археологтар неолит дәуіріне жататын үш қабірді анықтады. Ғалымдардың алдын ала бағалауынша, жерлеу орындары VII-V мыңжылдықтарға тиесілі болуы мүмкін. Мамандар мұндай олжалар өте сирек кездесетінін және соңғы жылдардағы ең маңызды археологиялық жаңалықтардың біріне айналуы ықтимал екенін айтып отыр.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің Торғай археологиялық экспедициясы биыл Әулиекөл ауданындағы Шилі, Сұлукөл және Бұрықтал ескерткіштерінде зерттеу жүргізіп жатыр. Археолог Ирина Шевнинаның айтуынша, қазба жұмыстары кезінде ғалымдар ерекше олжаға тап болған. Дәстүрлі олжалар – тас және сүйек құралдар, керамика мен әшекейлерден бөлек, үш жерлеу орны анықталған. Олар – бір бала мен екі ересек адамның қабірі. Қабірлер ежелгі тұрғын үйлердің еденінің астында орналасқан. Экспедицияның тағы бір маңызды нәтижесі – маханджар мәдениетіне тиесілі тұрғын үй орындарының анықталуы. Өткен жылдан бері Шилі ескерткішінде жүргізіліп жатқан зерттеулер барысында маханджар мәдениетінің жартылай жеркепелері алғаш рет табылған. Археологтар дәл осы ежелгі тұрғын үйлердің еденінің астынан жерлеу орындарын анықтаған. Ғалымдардың айтуынша, мұндай жерлеу дәстүрі іргелес аумақтардағы бірқатар ежелгі мәдениеттерге, соның ішінде Орта Азия халықтарына тән болған. Тас дәуірінде кей қауымдар марқұмдарды тұрғын үй еденінің астына жерлеген. Ескерткіштердегі зерттеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Археологтар табылған адам сүйектерін зерттеп, олардың ерекшеліктерін анықтауды және неолит дәуіріндегі Торғай өңірі тұрғындарының өмірі туралы жаңа деректер алуды жоспарлап отыр.