Қостанайлықтардың кез келген коммуналдық немесе әлеуметтік мәселе бойынша хабарласатын бас нүктесі - «iKomek-109» қызметі. Жыл басынан бері орталыққа 32 мыңнан астам өтініш түскен. Бүгін әкімдікте өткен жиында осы халық үніне құлақ асатын жүйенің жартыжылдық қорытындысы қаралды. Мамандардың айтуынша, биыл шағымдардың жалпы саны біршама азайған.
Талдау көрсеткендей, қалада жол мен бағдаршам жұмысына, жарық пен судың өшуіне қатысты шағымдар едәуір сиреген. Бұл инфрақұрылымның оңала бастағанының белгісі. Мәселен, жыл басынан электрмен жабдықтау мәселелері бойынша 2 мың 937 өтініш тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 562 -ге аз. Сондай-ақ Жол инфрақұрылымы мәселелері бойынша 1 мың 752 өтініш келіп түскен, бұл бойынша да оң динамика бар.
Халықтың сұранысы назардан тыс қалмады. Мысалы, тұрғындардың өтінішінен кейін қалада жаңа автобус бағыттары ашылды. Сонымен қатар, енді қоқыс шығару ісі де цифрлық бақылауға өткен: жүйеге жүздеген контейнерлік алаңқай қосылып, мердігерлердің жұмысы сурет арқылы тексеріледі.
Қала әкімі Марат Жүндібаев қаңғыбас иттер мен мысықтар мәселесінің әлі де өзекті екенін айтты. Оның сөзінше, оларды уақытша ұстауға арналған панажай салу процесі жақын уақытта басталады.
1 қаңтар мен 30 маусымы аралығында «iKomek-109» қызметіне қала тұрғындары мен қонақтарынан 32 мың 993 өтініш тіркелген. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда, жалпы саны 2 мың 311-ге немесе 6,5 пайызға төмендегені байқалады. Бұл қала инфрақұрылымың жақсарғанының айғағы.