Қазақстанның әр өңірі – біртұтас елдің айнасы. Сол аймақтардың табиғаты мен халқымыздың даладай кеңпейілдігін көпшілікке таныту мақсатында Қытай елінен атажұртқа оралған қандасымыз Бүрлен Әділет Астана күні қарсаңында велосипедпен ұзақ сапарға шықты. Бірнеше өңірде аялдап, жергілікті тұрғындармен жүздескен саяхатшының бағыты – елорда.
Қазіргі таңда ол Қостанайдың облысының қонақжайлығын сезінуде. Сапар барысында Бүрлен тарихи орындарға аялдап, табиғаты көркем аймақтарды аралап, жергілікті тұрғындармен кездесіп, өңірлердің тыныс-тіршілігін әлеуметтік желілер арқылы көпшілікке таныстырады.
Әр қала мен ауылдың өзіндік ерекшелігі, салт-дәстүрі мен қонақжайлығы саяхаттың басты мазмұнына айналмақ.
Бұл бастама Астана күніне арналған ерекше тарту ғана емес, жастарды елді тануға, ішкі туризмді дамытуға және ұлттық құндылықтарды насихаттауға үндейтін игі іс. Мыңдаған шақырымды еңсеретін бұл сапар Қазақстанның кең байтақ даласы мен оның бай мәдени һәм тарихи мұрасын дәріптеуге бағытталған.
6 шілде күні Бүрлен Әділеттің Астанаға жетуі – тек сапардың мәресі емес, еліміздің барлық өңірін бір мақсатқа тоғыстырған символдық кездесу болмақ. Астанаға апарар жол – бірліктің, туған жерге деген құрметтің және жаңа белестерге ұмтылыстың жолы. Ал Бүрлен Әділеттің сапары осы құндылықтардың жарқын көрінісіне айналмақ.