Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде теміржол вокзалдарын ауқымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі - Әулиекөл ауданындағы Құсмұрын станциясының теміржол вокзалы күрделі жөндеуден кейін қайта пайдалануға берілді. Теміржол бекетінің жаңаруы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, іскерлік байланыстардың нығаюына, туристік әлеуеттің артуына тың серпін бермек. Салтанатты ашылу рәсіміне Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов қатысты.

Еліміз бойынша бүгінде 124 теміржол вокзалы жаңғыртылып жатыр. Оның алтауы Қостанай облысында орналасқан. Атап айтқанда, Қостанай, Арқалық, Тобыл, Железорудный, Аманқарағай және Құсмұрын станцияларындағы вокзалдар қайта жаңартылуда.

Құсмұрын теміржол вокзалы 1949 жылы салынған. Күрделі жөндеу барысында ғимараттың сәулеттік келбеті толық жаңартылып, инженерлік желілер түгел ауыстырылған. Күту залдары мен санитарлық тораптар заманауи талаптарға сай жабдықталған

Құсмұрын тұрғындары үшін вокзал - ауданның маңызды инфрақұрылымдық орталығы. Сондықтан оның жаңаруы жергілікті халықтың көптен күткен қуанышына айналды. Тұрғындардың айтуынша, енді 

жолаушыларға қолайлы жағдай жасалып, сапарға шығу бұрынғыдан әлдеқайда жайлы болмақ. 

Айта кетейік, бұған дейін Аманқарағай станциясының жаңартылған теміржол вокзалы пайдалануға берілген болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміз бойынша теміржол вокзалдарын қайта жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.