Қазақстанда егін жинау науқаны кезеңінде дәнді және майлы дақылдарды топырақтың шамадан тыс ылғалдануы тәуекелінен сақтандыруға өтінім қабылдау жалғасып жатыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлім етті.
Сақтандыру шартын жасасуға өтінімді Kezekte.kz платформасы арқылы беруге болады. Сақтандыру Қостанай облысының фермерлеріне де қолжетімді. 2026 жылғы 15 тамыздан 14 қазанға дейінгі аралықты қамтиды және егін жинау кезінде топырақтың шамадан тыс ылғалдануына байланысты тәуекелдерді өтеуге бағытталған. Өтінім беруден бастап сақтандыру шартын жасасуға және сақтандыру төлемін алуға дейінгі барлық рәсімдер Qalqan агросақтандыру ақпараттық жүйесі арқылы электрондық форматта жүзеге асырылады.
Бағдарламаға қатысу үшін электрондық цифрлық қолтаңбаның болуы қажет, - делінген хабарламада. Мемлекеттік субсидиялау тетігінің арқасында аграршылар үшін сақтандыру полисінің құны 80%-ға төмендетілген. Осылайша, фермер сақтандырудың толық құнының небәрі 20%-ын ғана төлейді.