Күн сайын мыңдаған көлік жүйткіген жолда қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәртіп сақшыларының басты міндеті. Енді бұл жауапты іске жергілікті патрульдермен қатар, көктен бақылау жүргізетін заманауи дрондар да жұмылдырылған. Биіктен шолып, жолдағы ахуалды қалт жібермейтін ұшқышсыз аппараттар құқық бұзушылықтарды жедел анықтап, полиция жұмысының тиімділігін арттырып келеді.Жол қозғалысын бақылауда дрондардың көмегі жылдан-жылға артып келеді.
Олар көлік ағынын толық қамтып, көзге бірден түсе бермейтін заң бұзушылықтарды анықтайды. Мұндай техниканы тиімді пайдалану үшін полицейлер арнайы даярлықтан өтеді. Оқу бағдарламасы былтырдан бері Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында жүргізіліп келеді. Онда қызметкерлер ұшу аппаратын басқаруды тәжірибе жүзінде меңгереді. Полицейлер қолданатын дрондар шағын болғанымен, техникалық мүмкіндігі жоғары.
Олар түнгі уақытта да бейнеге анық түсіріп, жиырма шақырымға дейінгі қашықтықтан жоғары сапада жеткізе алады. Соның арқасында жолдағы ахуалды үздіксіз бақылауға мүмкіндік бар.Қостанай облысы полициясының қарамағында бүгінде он ұшқышсыз әуе аппараты бар. Жыл басынан бері олардың көмегімен жүзден астам жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі анықталған. Тәртіп сақшыларының айтуынша, дрондардың басты мақсаты - айыппұл санын көбейту емес, жолдағы қауіптің алдын алып, адам өмірін қорғау.