Қоршаған ортаны қорғау – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Осы мақсатта елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы халықтың табиғатқа деген жанашырлығын арттырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Аталған бастама аясында Қостанай ауданында «Адам мен табиғаттың үйлесімі» атты велошеру ұйымдастырылды.Велошеруге аудан тұрғындары, жастар, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, еріктілер мен спорт сүйер қауым қатысты.
Велошабандоздар тек салауатты өмір салтын насихаттап қоймай, қоршаған ортаны қорғау ісіне үлес қосты. Осындай оң бастамаға белсене араласып, жұдырықтай жұмылған жергілікті жұртшылыққа аудан әкімі алғысын жеткізді. Велошеру аудан орталығынан басталып, ұлы ағартушысы Ы. Алтынсарин кесенесіне дейінгі аралықты қамтыды. Іс-шара барысында қатысушылар кесене аумағын тұрмыстық қалдықтардан тазартып, айналаны ретке келтірді. Бұл игі іс тарихи-мәдени мұраға деген құрметтің және туған жерге деген жанашырлықтың айқын көрінісі болды. Айта кету керек ауданда экологиялық жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Жылдың басынан бері абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық бағытында көптеген іс-шара өткізілді. 28 мыңнан астам тұрғын экологиялық акцияларға қатысып, 4 мыңнан астам көшет отырғызылды.
Тазалық акциясы табиғатты қорғаудың тек бір күндік іс-шара емес, әрбір адамның күнделікті өмір салтына айналуы қажеттігін тағы бір мәрте көрсетті. Себебі таза қоршаған орта – дені сау ұлттың, көркейген елдің кепілі. Осындай бастамалар арқылы қоғамда экологиялық жауапкершілік артып, жастардың туған жерге деген сүйіспеншілігі нығая түседі.«Таза Қазақстан» акциясы – табиғатты аялау мен қоғамдық бірлікті ұштастырған маңызды жоба. Қостанай ауданында өткен велошеру соның жарқын дәлелі болды. Табиғатты қорғау – болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Сондықтан әрқайсымыз тазалықты өз ауламыздан, ауылымыздан бастап, Жер-Ананы аялауды өмірлік ұстанымға айналдыруымыз қажет. Таза ауада тыныққан аудан тұрғындарының түйгені ментүйсінгені осы мәнге саяды.