Облыста балық аулауға салынған уақытша тыйым аяқталды. Айта кетейік, «Уылдырық» арнайы акциясы аясында балық аулауға 20 наурыз бен 10 маусым аралығында шектеу енгізілген болатын. Осы кезеңде балық шаруашылығы инспекциясының мамандары су айдындарын тәулік бойы бақылап, балықтардың уылдырық шашу кезеңінде олардың табиғи өсіп-өнуіне қолайлы жағдай жасау мақсатында рейдтік жұмыстар жүргізді.
Акция барысында облыс аумағында 40 профилактикалық рейд өткізілді. Жалпы сомасы 670 375 теңге көлемінде айыппұл салынды. Құқық бұзушылардан 8 балық аулау құралы тәркіленді. Сондай-ақ әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында әлеуметтік желіде Қостанай облысы тұрғынының аккаунтынан балық аулау қағидаларын бұзу белгілері бар бейнежазба анықталып, тиісті шара қабылданды. Қазір инспекция мамандары өзен бойында заңсыз аумен балық аулаудың алдын алу мақсатында тұрақты түрде рейд жүргізіп келеді.
Балық шаруашылығы субъектілерінің қорықшылық қызметі, Көліктік бақылау инспекциясы және Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерімен бірлесіп су айдындарында ескі ауларды тазарту жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде пайдалануға тыйым салынған 15 иесіз балық аулау құралы су айдындарынан шығарылды.алпы балық аулау ережелерін бұзғандар келтірген залалына қарай 10 айлық есептік көрсеткіштен 40 АЕК-ке дейін айыппұл арқалауы мүмкін.