Мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің сауда-тұрмыстық қамтамасыз ету жүйесін дамыту мақсатында ҚР Қарулы күштерінің Тыл бастығы басқармасы Voenmart пилоттық жобасын іске асыруды бастады. Voenmart - әскери тұрмысты ұйымдастырудың жаңа деңгейі. Цифрлық форматтың арқасында әскери қызметшілер қажетті тауарларға ыңғайлы әрі жедел қол жеткізе алады. Бұл әскери қызмет жағдайларын жайлы етіп, заманауи талаптарға сәйкестендіруге мүмкіндік береді.
Voenmart жүйесі сарбаздарға қажетті тауарларға тапсырыс беріп, оларды әскери бөлім аумағына тегін жеткізеді. Сонымен қатар өнімдердің сапасын бақылаудың көп деңгейлі жүйесі қарастырылған. Сондай-ақ тапсырыстарды есепке алу мен бақылаудың ашық жүйесі жұмыс істейді. Ол өз кезегінде әскери қызметшілер рәсімдеген тапсырыстарды бақылауға мүмкіндік береді. Әскери бөлімдердегі дәстүрлі сауда нүктелерінен айырмашылығы-— Voenmart ассортименті айтарлықтай кеңейтілген. Мұнда жеке гигиена құралдары, тігін бұйымдары және басқа да қажетті заттармен қатар, әскери қызметшілерге жаңа піскен жемістер, шырындар, танымал тіскебасарлар, нан өнімдері және күнделікті сұранысқа ие басқа да тауарлар қолжетімді. Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі - ыстық тағамдарды жеткізу қызметінің ұйымдастырылуы. Әскери қызметшілер бәліш, бургер, пицца және басқа да тағамдарға тапсырыс бере алады, әрі олар ыстық күйінде жеткізіледі.