Қостанайда саңырауқұлақ саудасы қызды. Ауыл тұрғындары сол сияқты орманнан терген жидектерді де сатылымға шығарып жатыр. Табиғаттың бұл сыйын бірі қысқы азық ретінде жинаса, енді бірі қосымша табыс көзіне айналдыруда. Өңірде жауын-шашын мол түскендіктен, орман өнімдерінің түр-түрін сөреден табуға болады.
Қаладағы сауда сөрелерінен саңырауқұлақтардың түр-түрін көруге болады. Олардың қатарында қайынқұлақ, майқұлақ және өзге де түрлері бар. Сонымен қатар бүлдірген мен басқа да орман жидектері де саудаға шығарылған. Сатушылардың айтуынша, биылғы маусым сәл кеш басталғанымен, ылғалдың жеткілікті болуы өнім көлемінің артуына оң әсер еткен. Жаз мезгілінде жидектерге деген сұраныс жоғары. Тұрғындар олардан тәтті тосап қайнатып, түрлі тәтті тағамдар дайындайды. Ал өнімді сатып аларда оның сапасына мән беріп, қай жерде және қалай жиналғанына назар аудару қажет.
Тәжірибелі терімшілер қазіргі уақыт орманға шығуға қолайлы кезең екенін айтады. Дегенмен мамандар сақтық шараларын ұмытпауға кеңес береді. Әсіресе саңырауқұлақтарды терген кезде абай болған жөн.
Себебі оларды улы түрлерімен де шатастырып алуға болады, ал бұл өз кезегінде денсаулыққа үлкен қауіп төндіреді.Орман маусымы әлі жалғасуда. Табиғат аясында демалып, таза өнім жинауды қалайтындар қатары да аз емес. Алайда мамандар кез келген орман өнімін тұтынарда мұқият болып, қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады.