Қазақстанда аграршыларды жеңілдетілген қаржыландыру көлемі едәуір артты. Жаңа тетік арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен несие алып, егіс және егін жинау жұмыстарын уақытылы жүргізуге мүмкіндік алды. Нәтижесінде қаржыландыру көлемі мен қамтылған егістік алқаптарының аумағы ұлғайды.
Қазақстанның аграрлық секторында ұзаққа созылған жүйелі мәселелердің бірі айналым капиталының жеткіліксіздігі еді. Әр жылдары көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 70-тен 140 млрд теңгеге дейін жеңілдетілген қаржыландыру бөлінгенімен, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қажеттілігі бұдан әлдеқайда жоғары болды. Бюджет мүмкіндіктері шектеулі жағдайда аграршыларға түсетін қаржылық жүктемені арттырмай-ақ қолжетімді қаржыландыру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беретін шешім қажет еді. Осындай тиімді құрал ретінде облигациялық қарыздар бойынша купондық сыйақыны субсидиялау тетігі енгізілді. Бұл салаға қосымша қаржы ресурстарын тартуға және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жылдық белгіленген 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген қаржыландырумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.Іс жүзінде субсидиялау тәсілі түбегейлі жаңартылды.
Бұл тетіктің тағы бір маңызды артықшылығы - ауыл шаруашылығы өндірушілері алдағы өндірістік маусымға қажетті қаржыландыруды қазан–қараша айларынан бастап тарта алатын болды. Соның арқасында олар қажетті ресурстарды алдын ала әрі тиімді бағамен сатып алып, жұмыстардың өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік алды.