Тобыл өңірінің тумасы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, жоғары санатты хирург және денсаулық сақтау саласының үздігі Ысқақ Есіргеповтың құрметіне облыстық ауруханада ескерткіш тақта ашылды. 

Облыстық ауруханада көрнекті дәрігердің құрметіне ескерткіш тақтаның салтанатты түрде ашылуы – оның халқына сіңірген еңбегіне көрсетілген зор құрметтің айғағы. Бұл тағылымды шара тек бір азаматтың есімін ұлықтау ғана емес, адам өмірі үшін аянбай еңбек еткен ақ халатты абзал жанның жарқын бейнесін кейінгі ұрпақтың жүрегіне сіңірудің көрінісі болды.

Дәрігердің басты қасиеті – білім мен парасаттың, тәжірибе мен жауапкершіліктің, қайсарлық пен адамгершіліктің үйлесім табуы десек, осы сипаттардың бәрі Ысқақ Наушаұлының болмысынан айқын көрінетін. Ол күрделі шешім қабылдауды талап ететін сәттерде сабырын жоғалтпай, әріптестеріне бағыт-бағдар көрсетіп, жас мамандарға қамқор тәлімгер бола білді деп еске алады көзкөргендер. Ескерткіш тақта – тек тасқа қашалған жазу ғана емес. Ол – ұлттың өз ардақтыларын қадірлей білетінінің белгісі. Ол – жас дәрігерлерге бағыт беретін үнсіз тағылым. Ол – ақ халат киюдің үлкен жауапкершілік екенін еске салатын рухани құндылық.