Жұмыс тауып, табысты мансап құру және әлеуетін толық жүзеге асыру – әрбір жастың басты мақсатының бірі. Бүгінде Қостанай облысының жастары өз болашағын туған өлкесімен байланыстыруға ден қойып келеді. Сондықтан олардың жұмыспен қамтылуы мен өзін-өзі дамыту мәселесі өңірдегі маңызды бағыттардың бірі болып қала береді.

Қазіргі таңда Қостанай облысындағы жастар саны - 210 мың 557 адам. Ол халықтың жалпы санының 25,6 пайызын құрайды. Биыл жастар саясатын қаржыландыруға 1 млрд 630 млн теңге бөлінсе, 900 млн теңгеге жуық қаражаты облыстық бюджеттен қарастырылған. Ел болашағы - білімді жастар десек, кейінгі толқынның бәсекеге қабілетін артыру және оларға сапалым ілім үйрету мақсатында облыс бойынша тиісті жоғары оқу ордалары жұмыс істеуде.

Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды жұмыспен қамту мәселесіне ерекше назар аударды. «Әділетті Қазақстан – баршаға және әркімге арналған» жол картасы аясында 2030 жылға дейін 3,3 млн-нан астам азаматты жұмыспен қамту жоспарланған. Оның ішінде кемінде 2,2 млн жас жұмыспен қамтылуы тиіс.Осы жылдың бес айында облыстың 3354 жас тұрғыны жұмыспен қамту органдары арқылы қолдау алды. Оның ішінде 430 адам субсидияланатын жұмыс орындарына жіберілді. 515 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтті. 386 адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негізн меңгерсе, 2 мыңнан астамы тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды.


Жастар кәсіпкерлігін дамыту, жұмыспен, баспанамен қамту және кәсіби бағдар беру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде өңірде. Бұл бастамалар жастардың өз болашағын туған өлкесімен байланыстырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді. Себебі туған жерге туыңды тігу – тек жеке жетістікке жетудің емес, елдің өркендеуіне қызмет етудің де жарқын көрінісі.