Биылғы жаздың ми қайнатар ыстығы тұрғындар үшін ғана емес, дәрігерлердің де жұмысына оңай соғып тұрған жоқ. Соңғы күндері ауа температурасының күрт көтерілуіне байланысты жедел жәрдем қызметіне түсетін шақыртулар саны артқан. Бір аптаның ішінде «103» қызметіне мыңдаған қоңырау түскен.

Күннің ыстығы күшейген сайын медицина мамандарының жұмысы да қыза түсті. Соңғы аптада облыстың жедел жәрдем бригадалары мыңдаған адамға көмек көрсеткен. Қазір тәулігіне орта есеппен сегіз жүзден астам шақырту түседі. Мамандардың айтуынша, тұрғындардың денсаулығына әсер етіп жатқан негізгі факторлардың бірі - аптап ыстық.

Дәрігерлердің айтуынша, әсіресе қан қысымы жоғары, жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдар мен қант диабетімен ауыратын жандардың аса сақ болғаны жөн. Сондай-ақ бау- бақша бағбандары, спортпен айналысатындар және ұзақ уақыт күн астында жүретін азаматтар да денсаулығына мұқият қарауы қажет.

Мамандар ыстық күндері су ішуді ұмытпауға кеңес береді. Сондықтан қарапайым ауыз суды көбірек ішіп, жеңіл тағамдарды тұтынған дұрыс. Ал күннің ең ыстық уақытында сыртта көп жүрмеген жөн. Егер әлсіздік, бас айналу немесе денсаулықтың күрт нашарлауы байқалса, дереу медициналық көмекке жүгінген абзал.