Жаз мезгілінің келуімен қала аулаларында тіршілік қайнайды. Бірі гүл егіп, бірі көшет отырғызса, енді бірі алғашқы жемісін де жиып-теріп жатыр. Қостанайдағы бірқатар мүлік иелері бірлестігінің тұрғындары өз аулаларын жай ғана демалыс орны емес, көркі көз тартатын жасыл мекенге айналдыруға күш салуда. Көпқабатты үйлердің маңында алқызыл гүлдер жайнап, шие мен басқа да жеміс ағаштары өнім бере бастаған.

Свобода көшесіндегі 98А тұрғын үйінің ауласына түсірілім тобы соңғы рет көктемнің басында келген еді. Содан бері аулада айтарлықтай өзгеріс байқалады. Гүлзарлар көбейіп, жас көшеттер тамыр жайып, айнала жасыл желекке оранған. Жалпы, мұндай жұмыстар қаладағы көптеген мүлік иелері бірлестіктерінде қолға алынды. Әрбір ұйым тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға, аулаға көрік беруге және тазалықты сақтауға ерекше мән береді.

Ауладағы гүлдер мен ағаштарды баптауға тұрғындардың өздері атсалысады. Әсіресе зейнеткерлер күн сайын гүлсуарып, ауланың тазалығын қадағалайды. Үйдің жертөлесінде де бірқатар жұмыстар атқарылған. Қазір бұл жер тұрғындардың жиналыс өткізіп, ортақ мәселелерді талқылайтын орнына айналған. Болашақта балаларға арналған үйірмелер ашу да жоспарда бар.

Бұл баспана 2021 жылы пайдалануға берілген. Осы уақыт аралығында бірнеше басқарушы ұйымның қарамағында болған көпқабатты үй бүгінде тұрғындардың өз бастамасымен құрылған бірлестік арқылы басқарылып келеді. Соның нәтижесінде жертөле ретке келтіріліп, аула абаттандырылған. Тұрғындардың айтуынша, үйдің жай-күйі әр адамның жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан олар ортақ мүлікті күтіп ұстауға бірге күш салып келеді.