Қостанай қаласында мемлекеттік сатып алу қорытындылары шығарылды. Жыл басынан бері тауар, жұмыс және қызмет көрсету бойынша 53 миллиард теңгеден астам қаржы игерілген. Саладағы негізгі көрсеткіштер мен жаңашылдықтар туралы тілшіміз баяндайды.

Биылғы алғашқы жартыжылдықта мемлекеттік сатып алудың басым бөлігі конкурстық тәсілмен өткізілген. Жалпы сомасы 50 миллиард теңгеден асатын 400-ден астам конкурс ұйымдастырылды. Оның ішінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар да бар. Ең көп қаражат тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй қатынастары бөлімдеріне бөлінген.

Қала әкімінің айтуынша, мемлекеттік сатып алуларда жергілікті мердігерлердің үлесін арттыру маңызды. Бұл өңір экономикасының дамуына мүмкіндік береді. Биыл мемлекеттік сатып алулардың едәуір бөлігі жергілікті кәсіпорындардың қатысуымен жүзеге асқан.

Биыл мемлекеттік сатып алу саласына қатысты шағымдар саны да азайған. Егер өткен жылы алғашқы алты айда 157 шағым түссе, биыл бұл көрсеткіш 72-ні құрады. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнама жыл сайын жетілдіріліп келеді.

Мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі өзгерістердің негізгі мақсаты – ашықтықты арттырып, бюджет қаражатын тиімді пайдалану. Жаңа талаптар тапсырыс беруші мен мердігер арасындағы жауапкершілікті күшейтуге бағытталған. Алдағы уақытта да сатып алу рәсімдерін жетілдіру жұмыстары жалғасады.