Алтынсарин ауданында соңғы үш жылда ауыл шаруашылығы саласындағы ірі жобалар жүзеге асырылып, жаңа жұмыс орны құрылды. Жалпы құны 7 млрд теңгеден асатын екі сүт-тауар фермасы пайдалануға беріліп, тағы екі нысанның құрылысы жалғасуда.
Мәселен, Бозбек ауылындағы шаруа қожалығы 510 бас ірі қара малға арналған сүт-тауар фермасының құрылысын жүзеге асырды. Жоба аясында 22 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Жобаның өндірістік қуаты жылына 3,2 мың тонна сүт өндіруге мүмкіндік береді. Жалпы құны – 3 млрд 520 млн теңге. Қазіргі уақытта кәсіпорын тұрақты жұмыс істеп тұр. Сауын сиырлар саны – 320 басқа жетіп отыр. Тәуліктік өнім шамамен 3 тоннаны құрайды. Өндірілген сүт тұрақты түрде «ДЕП» ЖШС-не өткізіледі екен. Ал оның бір бөлігі бұзауларды азықтандыруға пайдаланылады. Мал басын көбейту мақсатында да жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінде 200 бастан астам қара мал қолдан ұрықтандырылған. Биыл Большой Чураков ауылында да шаруа қожалығының бастамасымен 400 бас ірі қара малға арналған сүт-тауар фермасы қолданысқа берілді. Жоба аясында 17 жаңа жұмыс орны құрылды. Өндірістік қуаты
жылына 2,5 мың тонна сүт өндіруге есептелген. Жобаның жалпы құны – 3 млрд 618 млн теңге.