Қала аумағын кешенді дамыту - бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Сондықтан Қостанайда жоспарлау жобалары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Осы бағыттар қалалық әкімдікте өткен жиында талқыланды. Басқосуда қаланың бас жоспарына сәйкес атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелері айтылды
Шаһарда егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл құжаттар белгілі бір аумақтардың болашақ келбетін айқындап, тұрғын үйлердің, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарының қай жерде орналасатынын нақтылайды. Бүгінде қалада жалпы саны 22 қала құрылысы жобасы әзірленген. Олардың жалпы аумағы 2200 гектарды құрайды. Бұл Қостанай қаласы аумағының шамамен 7 пайызы.
Жиында қала әкімі жауапты бөлімдерге жоспарланған жұмыстарды уақытылы аяқтауды тапсырды. Әсіресе халық көп шоғырланған жаңа аудандардағы әлеуметтік нысандар құрылысына басымдық беру қажеттігі айтылды. Бұл тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, қаланың одан әрі тұрақты дамуына ықпал етеді.