Осы жылдың алғашқы 4 айының қорытындысы бойынша облыс экономикасында оң серпін сақталып, салалардың басым бөлігінде тұрақты өсім қамтамасыз етілді. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі артып, ауыл шаруашылығы мен құрылыс, сауда және қызмет көрсету секторларында да даму қарқыны байқалды. Инвестициялық белсенділіктің жоғарылауы мен жаңа жобалардың іске асырылуы да экономикалық көрсеткіштердің жақсаруына ықпал етті.

Төрт айда өңір кәсіпорындары 1 трлн 32 млрд теңгенің өнімін өндірді. Оның 249 млрд- ды тау-кен, ал 732 млрд теңгесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Өнеркәсіптегі өсімнің қозғаушы күші - өңдеу саласы. Бұл секторда өндіріс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 7,9%-ға артты. Оң нәтиже көбіне машина жасау саласының қарқынды дамуының арқасында қамтамасыз етілді. Бүгінде машина жасаудың өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 48,6%-ды құрайды. Ауыл шаруашылығы саласына да айрықша көңіл бөлінуде.

Макроэкономикалық межелерге қол жеткізу жолдарын аудан басшылары да таныстырды. Әр аудан өз мүмкіндіктерін саралап, экономикалық өсімді қамтамасыз ететін басым бағыттарды айқындады. Жалпы, жыл басынан бергі көрсеткіш көңілге қонымды.