Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапарымен Қостанай облысына келді. Вице-премьер индустриялды аймақты аралап, аталған аумақта бой көтерген өндіріс ошақтарының жұмысымен танысты. Олардың даму қарқынына баға берді. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына шолу жасап, алдағы жоспарды пысықтады.
Үкімет басшысының бірінші орынбасары алдымен KIA Qazaqstan автомобиль зауытына барды. Ішкі нарықты қамтамасыз етіп, экспорттық әлеуетті арттыратын өндіріс орны жылына 70 мың автокөлік шығаруға қауқарлы. Құны 310 млн долларды құрайтын кәсіпорында 1500 адам еңбек ете алады. Мұнда жұмыс толығымен автоматтандырылып, робот постары көптеп орнатылған. Нұрлыбек Нәлібаевтың назарына дайын автокөліктер де ұсынылды.
Бірінші вице-премьер бастаған делегация мұнан соң «Тобыл» көлік-логистика кешенінің құрылысымен танысты. Ірі инфрақұрылымдық жоба іске қосылса, 500 жаңа жұмыс орны ашылып, өңір арқылы тасымалданатын контейнерлердің үлесі 20 пайызға артады. Жобаның жалпы құны 64 млрд теңгеге жуық.
Делегация, сондай-ақ, индустриалды аймақта орналасқан жүк көліктеріне арналған автокомпонеттерді өндіретін «Камлит» зауытына да атбасын бұрды. Өндіріс ошағы осыдан бірнеше жыл бұрын қос жобаны іске қосқан еді. Сондың бірі – шойын құю зауыты. Былтыр мұнда 654 мың тонна өнім шығарылған. Дені Ресейге тасымалданыпты. Нұрлыбек Нәлібаев «Баян сұлу» фабрикасының жаңа кешені - «Кондитерлік астана» жобасымен де танысты.
Ал аймақ басшысы бірінші вице-премьерге өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын баяндады. Агроөнеркәсіптік кешендегі қайта өңделген өнім үлесіне тоқталып, ауыл шаруашылығы тауарларының көрсеткіші жайында айтты.
Бірінші вице-премьер облыс әкімімен бірге ауыл шаруашылығы техникалары мен жеңіл автокөлік құрастыратын бірнеше кәсіпорынды да аралады. Кейін теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. Жоба құны 5,3 млрд теңге. 1974 жылы салынған нысанда ретке келтіру шаралары 57 пайызға аяқталған. Мұнда күн сайын жолаушылар ағыны 1400 адамнан асады.
Бүгінгі күні елде 120-дан астам теміржол вокзалы жөнделіп, қайта жаңғыртылып жатыр. Олардың алтауы – Қостанай облысында. Ал облыс орталығындағы теміржол вокзалындағы ретке келтіру жұмыстары бірінші тамызға дейін аяқталуы тиіс. Нұрлыбек Нәлібаев жауаптылар мен мердігерлік ұйым өкілдеріне осындай тапсырма берді. Үкімет басшысының бірінші орынбасары Рудный қаласына да жұмыс сапарымен барып, тау-кен өндіру кәсіпорнының жұмысына шолу жасады.