Елдің болашағы - жас ұрпақтың қолында екені баршаға аян. Осы орайда кадет мектептерінде білім алып жүрген жас сарбаздардың тәрбиесі мен әскери дайындығы ерекше маңызға ие. Сондай-ақ шәкірттердің шығармашылықтан шет қалмағаны да абзал. Қостанайда Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназия бастамасымен өткен салтанатты іс-шара – соның айқын дәлелі.

Әскери киімдегі сымбатты жігіттер мен әсем қыздар дәстүрлі балда вальс билеп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Ән ырғағымен үйлескен әдемі қимылдар жас ұрпақтың тек әскери дайындық емес, мәдениет пен өнерге де жақын екенін көрсетті. Іс-шара аясында кадеттер жауынгерлік әзірлік элементтерін көрсетіп, өздерінің шеберліктері мен ептіліктерін паш етті. Бұл көріністерге көз қуанып, көңіл семіреді.

Салтанатты шара мемлекеттік рухты асқақтатар сәттермен басталып, кадеттердің нық қадаммен жасалған саптық шеруімен жалғасын тапты. Әскери тәртіпке сай киінген жасөспірімдердің жинақылығы мен ширақтығы олардың болашақта ел қорғаны болуға толық дайын екенін аңғартты. Сонымен қатар патриоттық әндер шырқалып, көркемдік қойылымдар ұсынылды. Бұл – жастардың жан-жақты дамуына бағытталған тәрбиелік мәні зор сәттердің бірі болды.