Наурызнама онкүндігі аясында бүгін – Ұлттық спорт күні. Бұл күн еліміздің байырғы дәстүрлі ойындарын дәріптеп, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған. Осыған орай Қостанай облысында бірқатар спорттық шаралар ұйымдастырылды.
Жансейіт Ташетов – ұлттық спортқа жаны жақын жас көкпаршы. Бала кезінен ат үстінде ойнап өсіп, бүгінде көкпар додаларында өз шеберлігін шыңдап жүрген талапты спортшылардың бірі. Сонымен қатар, ол ат баптаудың қыр-сырын меңгеріп, үлкендердің жолын жалғауда. Көкпарға қосатын тұлпарды таңдау, оны баптау, жарысқа дайындау – үлкен еңбекті талап ететін іс, дейді балуан.