Бүгін мемлекетеміз үшін өте маңызды күн. Біз елдің жарқын болашағы үшін таңдау жасап жатырмыз. Бұл республикамыздың экономикасының дамуына, қоғамдағы демократиялық үдерістердің қалыптасуына айтарлықтай әсер етеді. ҚР жаңа Конституциясын қабылдау жөніндегі референдумда дауыс берген облыс әкімі Құмар Ақсақалов осылай деді.

Өңір басшысының айтуынша, референдум - мемлекет дамуының маңызды кезеңі. Тұрғындар ұсынылған өзгерістерді қолдай отырып, Ата Заңға енгізілетін жаңашылдықтар елдің тұрақты дамуына оң әсер етеді деген сенім білдіруде. Дауыс беру барысында олар жоғары жауапкершілік пен азаматтық ұстанымның үлгісін көрсетті. Өңір басшысы Қостанай қалалық музыка мектебі ғимаратындағы №3 учаскеде өз таңдауын жасаған соң бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне сұқбат берді.