Қостанайда каратэден ел чемпионаты өтті
Қостанайда каратэнің шинкиокушинкай түрінен Қазақстан чемпионаты мен республикалық ашық турнир ұйымдастырылды. Ересектер мен жасөспірімдер арасындағы жарысқа еліміздің әр өңірінен 500-ден астам спортшы қатысты.
Қазақстан чемпионатына еліміздің түкпір-түкпірінен келген үздік каратистер жиналды. Жарыстың ашылу салтанатында бірқатар спортшыға қара белбеу табысталды. Қатысушылар татамиде өзара бақ сынап, шеберліктерін көрсетті.
Додаға халықаралық жарыстарда тәжірибе жинаған спортшылар да қатысты. Қатысушылар әр салмақ дәрежесінде жеңіске жету үшін бар күшін салды. Жекпе-жектер тартысты өтіп, спортшылар жоғары дайындық деңгейін көрсетті.
Жарысқа қыздар да белсенді қатысты. Олар татамиде шебер тактика мен кәсіби дайындықтарын танытып, өзара мықтыны анықтады.
Ерлер арасындағы белдесулер де тартысқа толы болды. Әсіресе 60 келі салмақ дәрежесінде 15-тен астам спортшы бақ сынады. Қатысушылар қарсыластарына дес бермей, жеңіс үшін күресті.
Жарыс барысында бапкерлер мен жанкүйерлердің қолдауы спортшыларға ерекше жігер берді. Дода қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен спортшылар Азия чемпионатына жолдама алады. Сонымен қатар жеңімпаздар Қазақстан ұлттық құрамасының сапына қосылып, алдағы халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайды.