Тұрғын үй қорын жаңарту жұмыстары жалғасуда
Облыс орталығында көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы келбеті жаңартылып келеді. Соңғы жеті жылда қаладағы 200-ге жуық баспана күрделі жөндеуден өтіп, бұл мақсатқа 8 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталған. Биыл да ауқымды жұмыстар жалғасуда.
Қаланың орталық көшелеріндегі ғимараттар біртіндеп жаңарып келеді. 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан жоба аясында қасбеті тозған, сылағы түскен, балкон қоршаулары ескірген үйлер ретке келтірілуде. Биыл бұл бағыттағы жұмыстар 17 көпқабатты тұрғын үйде жүргізілуде. Оған 1 миллиард 200 миллион теңге қарастырылған. Оның 934 миллион теңгесі 8 үйді күрделі жөндеуге, ал 319 миллион теңгеден астамы 10 ғимаратты ағымдағы жөндеуге бағытталған.
Алайда көпқабатты үйлердің сыртқы келбетін күтіп ұстау тек әкімдікке жүктелмейді. Заңға сәйкес, қасбет, шатыр, кіреберіс пен баспалдақ алаңдары – тұрғындардың ортақ мүлкі. Демек, оларды күтіп ұстау да пәтер иелерінің міндеті.Қалада екі және үш қабатты 350-ге жуық үй бар. Олардың бірқатары да жөндеуді қажет етеді. Мәселен, Әл-Фараби даңғылының бойындағы 19-үйдің тұрғындары биыл ортақ қаражат жинап, ғимараттың сыртын сылап, бояған.
Тұрғын үйлерді жөндеуге тұрғындар мемлекеттік бағдарлама арқылы да қолдау ала алады. Бұл бағытта «ЖКХ ремонт» серіктестігі жұмыс істейді. Жөндеу жұмыстары қайтарымды қаражат есебінен жүргізіледі. Яғни бөлінген қаржы кейін тұрғындар тарапынан кезең-кезеңімен өтеледі.2013 жылдан бері осы бағдарлама аясында Қостанайдағы 67 көпқабатты үй жөнделген. Оған жалпы 1 миллиард 300 миллион теңге жұмсалған. Қазір Дулатов көшесі, 89-үйде шатыр мен электр жабдықтары жаңартылып жатыр. Жобаның жалпы құны – 54 миллион 500 мың теңге.
Алдағы жылы да тұрғын үй қорын жаңарту жұмыстары жалғасады. Қазір бес үйдің қасбеті мен шатырын күрделі жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Тағы үш үйдің шатырына қатысты құжаттар дайындалуда.Бұдан бөлек, лифт жабдықтарын жаңарту жұмыстары да қолға алынған. Биыл сегізінші шағын аудандағы №9 үйдің төрт лифтін ауыстыру басталды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.