Негізгі Жаңалықтар Адал қоғам – қауіпсіз ел

Адал қоғам – қауіпсіз ел

Қазақстанда саламатты өмір салтын қалыптастыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. 2026 жылғы статистикалық мәліметтерге сәйкес, елімізде темекі тұтынушылардың үлесі өткен жылмен салыстырғанда төмендеген. Сонымен қатар, алкогольдік масаң күйде жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға да ерекше назар аударылып отыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру да күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары күшейтілуде.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылы Қазақстанда 15 жастан асқан халықтың 15,1 пайызы темекі тұтынады. Өткен жылы бұл көрсеткіш 17,5 пайыз болған. Ал жылдың алғашқы жартысында қоғамдық орындарда алкогольдік масаң күйде болудың 117,6 мың дерегі тіркелген. Тоғыз айда алкогольге тәуелділіктен 3,6 мыңнан астам адам оңалтудан өткен. Сондай-ақ медициналық ұйымдар жанынан 3,5 мыңнан астам саламатты өмір салты мектебі жұмыс істейді. Ал қоғамдық қауіпсіздік бойынша 2026 жылдың тоғыз айында Қазақстанда қылмыс деңгейі 15 пайызға төмендеген. Елімізде 1,8 миллион бейнебақылау камерасы орнатылып, олардың көмегімен 13,8 мың қылмыс ашылған және 763 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілген. Аталған бағыттардағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының негізгі мақсаты – халықтың хабардарлығын арттыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру, заңға құрметті нығайту және қауіпсіз қоғам құру.



Бөлісу