Буллинг пен суицидтік ниетті анықтайтын жүйе әзірлендІ
Балалардың қауіпсіздігі мен психологиялық саулығын қорғау – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Әсіресе, жасөспірімдер арасындағы буллингтің алдын алу және суицидтік қауіптің белгілерін дер кезінде байқау өзекті болып отыр. Осы бағытта елімізде балалардың психологиялық жағдайын бағалауға мүмкіндік беретін жаңа цифрлық құрал әзірленді.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің айтуынша, кәмелетке толмағандардың денсаулығына цифрлық ортаның ықпалын тұрақты зерттеу «Қазақстан балалары» тұжырымдамасында қарастырылған. Құжат аясында Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен бірлесіп, Balazhan диагностикалық ақпараттық жүйесі жасақталған. Ол балалар арасындағы буллинг пен суицидтік ниеттің белгілерін анықтауға бағытталған. Үкімет басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңірлерде психологиялық қолдау орталықтары да жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Олар білім беру ұйымдарындағы психологтердің қызметін үйлестіріп, мамандарға әдістемелік көмек көрсетеді. Сонымен қатар оқушылар мен ата-аналарға психологиялық кеңес беріп, қолдау ұсынады.