Негізгі Жаңалықтар Балалар әдебиеті байқауының жеңімпаздары марапатталды

Балалар әдебиеті байқауының жеңімпаздары марапатталды

Қостанайда балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік әдеби шығармаға арналған Ыбырай Алтынсарин атындағы VI республикалық байқаудың жеңімпаздары марапатталды. Алты жылдан бері өткізіліп келе жатқан байқаудың мақсаты – отандық авторларды қолдау және балалар әдебиетін дамыту. Биылғы конкурс көрнекті ағартушы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Байқаудың басты мақсаты – заманауи балалар әдебиетін дамыту. Алты жыл ішінде жоба жас қаламгерлер мен тәжірибелі авторлардың шығармаларын танытатын маңызды алаңға айналды. Оның ерекшелігі – жеңімпаздарды анықтауға кәсіби сарапшылармен қатар, балалардан құралған қазылар алқасының да қатысуы. Бұл жас оқырмандардың талғамы мен қызығушылығын ескеруге мүмкіндік береді.

Биылғы байқауда қазақ және орыс тіліндегі үздік шығармалар анықталды. Қазақ тіліндегі үздік шығарма номинациясында Павлодар қаласының қаламгері Бейбіт Бөжен «Арлан блогер» туындысымен жеңімпаз атанды. Ал орыс тіліндегі үздік шығарма номинациясы Көкшетау қаласының қаламгері Наталья Яковлеваның «Подводная лодка Макса» повесіне бұйырды. 

Байқау жеңімпаздарының шығармалары «Таза бұлақ» жинағына енгізіледі. Бұл басылым өңірдегі балалар кітапханаларының қорын толықтырып, жас оқырмандарға жаңа туындылармен танысуға мүмкіндік береді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық дәстүрін жалғастырып, жаңа әдеби есімдерді танытуға және балалар мен жасөспірімдер арасында кітап оқуды насихаттауға бағытталған.


Бөлісу