Параспортқа жол ашатын цифрлық қызмет
Елімізде мүгедектігі бар азаматтардың спортпен айналысуына мүмкіндік беретін жаңа цифрлық қызмет іске қосылды. Енді олар өз өңіріндегі спорт секциялары туралы ақпаратты Параспорт_kz_бот телеграм боты арқылы алып, өзіне қолайлы бағытты таңдай алады. Бұл параспортты дамытуға және спорттың қолжетімділігін арттыруға бағытталған кезекті қадам.
Жаңа қызметті ҚР Туризм және спорт министрлігіне қарасты Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы әзірлеген. Ботты пайдалану үшін тұрғылықты өңірді, спорт бағытын және денсаулық жағдайына байланысты шектеу санатын көрсету қажет. Осы мәліметтер негізінде жүйе азаматқа қолжетімді спорт түрлерін ұсынады. Сонымен қатар қолданушылар спорт ұйымының менеджерімен мессенджер арқылы байланысып, әлеуметтік жеілдегі парақшаға өтіп немесе қала карталары бар электрондық анықтамалық арқылы спорт мектебінің мекенжайын таба алады. Осылайша, спортпен шұғылданғысы келетін азаматтар қажетті ақпаратты бір жерден алып, өзіне қолайлы секцияны оңай таба алады.