Қостанай облысында Табиғи монополияларды реттеу комитеті департаменті 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы жұмыс қорытындысымен бөлісті. Алты ай ішінде тұрғындардың өтініштері негізінде жоспардан тыс жеті тексеру жүргізіліп, олардың бірінде заң талаптарының бұзылғаны анықталды. Сондай-ақ бірқатар әкімшілік іс қаралып, заң бұзған субъектілер жауапкершілікке тартылды.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндалды. Заң бұзушылық Қарабалық ауданында анықталған. Жергілікті тұрғынның арызынан кейін жүргізілген тексеру барысында коммуналдық кәсіпорынның жылумен жабдықтау қызметі үшін төлемді заңнамаға сәйкес есептемегені белгілі болды. Атап айтқанда, үйде ортақ және жеке жылу есептегіш құралдары орнатылғанына қарамастан, кәсіпорын ақпан және наурыз айларында тұрғын көрсеткіштерді уақытында бермеді деген себеппен төлем есептемеген. Алайда мұндай жағдайда қызмет көрсетуші төлемді орташа тұтыну көлемі бойынша есептеп, кейін нақты көрсеткіштерге сәйкес қайта есептеуі қажет.

Тексеру барысында осы үйдегі басқа пәтерлерде де осындай жағдайлар болғаны анықталды.Жыл басынан бері департамент тарапынан 15 әкімшілік іс қозғалған. Олардың қатарында реттелетін қызметтер үшін төлем есептеу тәртібін бұзу, тарифтік сметалардың орындалмауы, міндетті есептілікті ұсынбау және өзге де заң талаптарын сақтамау фактілері анықталған. Нәтижесінде 13 іс бойынша шамамен 13 млн теңге айыппұл салынған,.

Сондай-ақ, 2025 жылғы тексеру қорытындысымен газ тарату компаниясына қатысты іс сотта қаралған.Сонымен қатар, департамент мемлекеттік қызметтерді электронды түрде көрсетуді жалғастырып келеді. Биылғы алты ай ішінде табиғи монополиялар субъектілерін мемлекеттік тіркелімге енгізу және шығару бойынша 25 қызмет көрсетіліп, бас тарту фактілері тіркелмеген. Мамандардың айтуынша, жүргізіліп жатқан бақылау жұмыстарының негізгі мақсаты - тұтынушылардың құқықтарын қорғау және табиғи монополиялар субъектілерінің заң талаптарын толық сақтауын қамтамасыз ету.