Биыл көктем айында жаңадан жөндеуден өтіп, кепілдік мерзімі аяқталмаған 103 көше тексерілді. Мамандар асфальт жабындыларының үгіліп-сөгілмеуіне, жол үстінде ойық-шұңқырлардың пайда болмауына назар аударған. Осындай тексеріс барысында жаңа жол жабындысынан ақау анықталса, мердігер ұйым өз қаражатына жөндеуі тиіс. Себебі бұл учаскелердің кепілдік мерзімі бар.
Абай даңғылы Қарбышевпен қиылысатын аймақтан бастап, Тәуелсіздік көшесінің бөлігіне дейін 2023 жылы орташа жөндеу жұмыстарынан өткен еді. Оған 1,3 млрд теңге бөлінген. Оның кепілдік мерзімі – үш жыл, яғни осы жылдар арасында ақау анықталса, мердігер ұйым өз қаражатына қайта дұрыстауы керек деген сөз. Биыл көктемде арнайы тексеріс жұмыстары жүргізіліп, Абай көшесінің кей учаскелерінен шағын ойықтар анықталған.
Жөндеуден өтіп, кепілдік мерзімі аяқталмаған 103 жол учаскесі арнайы тексерістен өтті. Сол уақытта азын-аулақ ойық-шұңқырлар, асфальт бетінде жарықтар пайда болуы анықталған, оның барлығын мердігер ұйымдар өз қаражаты есебінен жойған.
Ағымдағы жөндеуден өткен жолдың кепілдік мерзімі 1 жыл, орташа жөндеуге үш, ал реконструкциялық жөндеу жұмыстарына 5 жыл мерзім беріледі. Биыл жөндеуден өткен жол учаскелеріне де кепілдік мерзім беріледі. Ақау анықталса, мердігер ұйым өкілдері талап бойынша оны өз қаражаты есебінен реттейді.