Елімізде конституциялық заңдылықты нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау – мемлекеттің негізгі басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта ҚР Конституциялық Сотының ұйымдастыруымен Жаңа Ата Заңның күшіне енуін қаузаған ғылыми-тәжірибелік бейнеконференция өтті. Аталған іс-шара конституциялық реформалар маңызын талқылауға, құқықтық жүйедегі өзгерістердің мәнін ашуға және құқық қолдану тәжірибесін жетілдіруге бағытталды. 

Конференция жұмысына мемлекеттік органдар, Парламент, сот жүйесі, адвокатура, халықаралық ұйымдар, ғылыми және сарапшылық қоғамдастық өкілдері, сондай-ақ еліміздің және шетелдің жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары мен сарапшылары қатысып, 150-ден астам адам куә болды.

Конференцияда Ата заңға енгізілген өзгеріс-толықтырулардың құқықтық табиғаты, олардың мемлекеттік басқару жүйесіне, сот билігі мен адам құқықтарын қорғауға тигізер ықпалы сараланды. Қатысушылар тың құжаттың демократиялық қағидаттарды нығайтудағы, заң үстемдігін қамтамасыз етудегі һәм мемлекеттік институттардың тиімділігін арттырудағы рөліне ерекше назар аударды. 

Ата Заңымыздың мәтініне барша азаматтың тең қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында Үкімет бастама көтеріп, «Инклюзивті қоғам үшін Конституция» аясында басып шығарылған Брайль қарпіндегі ҚР Конституциясының да таныстырылымы осы конференцияға тұспа-тұс келді

ҚР Конституциялық Сотының ұйымдастыруымен өткен Жаңа Ата Заңның күшіне енуіне арналған ғылыми-тәжірибелік конференция конституциялық реформалардың мәні мен маңызын жіті талқылауға мүмкіндік берген маңызды ғылыми алаң болды.