Тамыры терең, тарихы тағылымды өлкенің мерейлі белесі. Бейімбет Майлин ауданына 90 жыл. Мерейтойы аясында Әйет ауылында «Мәдени мұраға қамқорлық – ұлт болашағына қамқорлық» атты форум өтті. Іс-шараның мақсаты - ұлттық мұраны дәріптеп, мәдени құндылықтарды кейінгі ұрпаққа насихаттау. Шара аясында түрлі бағыттағы шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, сала мамандары өз тәжірибелерімен бөлісті.
Форум жұмысы бірнеше тақырыптық алаңда қатар өрбіді. Қатысушылар музей ісі, өлкетану, ұлттық қолөнер мен дәстүрлі өнер бағыттарындағы шеберлік сағаттарына қатысып, тәжірибе алмасты. Сонымен қатар қонақтар ауданның тарихи-мәдени мұрасымен танысуға мүмкіндік алды.
Қонақтар ауданның өлкетану музейін аралап, өңірдің өткені мен бүгінінен сыр шертетін жәдігерлермен танысты. Мұнда музей мамандары экскурсия өткізіп, тарихи мұраны сақтау мен насихаттау бағытындағы жұмыстарын таныстырды.
Іс-шара барысында ұлттық қолөнерге ерекше көңіл бөлінді. Көпшіліктің қызығушылығын тудырған алаңдардың бірі - домбыра жасау шеберлігі. Қолына ағаш ұстаған балалар ұлттық аспаптың қалай жасалатынын көзбен көріп, оның әр бөлшегінің мән-маңызымен танысты.
Айта кетейік, іс-шарада ұлттық мұраны дәріптеуге үлес қосып жүрген қолөнер шеберлері мен сала мамандарына алғыс хаттар табысталды. Ұйымдастырушылар мұндай мәдени-ағартушылық кездесулер өскелең ұрпақтың тарих пен дәстүрге деген қызығушылығын арттырып, рухани құндылықтарды насихаттауға ықпал ететінін атап өтті.